Сот үкімі күшіне енді
Павлодарда жарнамалық тақтайшаның кесірінен үйіне күн сәулесі түспеген тұрғын кәсіпкерлерді сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын пәтерге күн сәулесі түспеген. Арызданушы екінші қабатта тұрған, ал бірінші қабатта жарналамалық тақтайша орнатылған. Осылайша, күн сәулесін көре алмаған павлодарлық бірінші қабаттағы шаштараз бен тігін шеберханасын сотқа берген.
Кәсіпкерлерге орынды жалға берген адам бірінші қабаттағы кіреберістің шатырына жарналамалық тақтайша орнатқан. Салдарынан екінші қабаттағы пәтердің терезесіне күн түспей қалған. Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Кейін арызданушы үкімді аппеляцияға берген.
Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы тұрғынның шағымын қайта қарап, жарнамалық тақтайшаны демонтаждау туралы үкім шығарды.
Сотта бірінші қабатта орнатылған тақтайша екінші қабаттағы пәтердің терезесінің көп бөлігіне күн сәулесінің түсуіне кедергі жасап тұр деп шешім қабылдаған. Әрине, бұл пәтер иесіне қолайсыздық тудырады яғни жарнамалық тақтайшаның дұрыс орнатылмағаны дәлелденді.
Сот алқасы жауапкерлердің тақтайшаны орнату кезіндегі әрекеттеріне құқықтық теріс баға берді.
Бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, жауапкерге тақтайшаны демонтаждау міндеті жүктелді. Талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шықты, – деп жазылған облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енді.