Қазақстандықтар арақ-шарапқа көп ақша жұмсай бастаған
Олар сыра ішуді азайтып, коньяк пен араққа көшкен
Елімізде арақ-шараптың қымбаттауына қарамастан оларды сатып алатын тұрғындардың саны азаяр емес, деп хабарлады Energyprom.kz.
Нарықта алкогольдің үлесі артып жатыр. Бұл негізінен күшті ішімдіктер сатылымының өсуімен байланысты.
Бірінші жартыжылдықта Қазақстандағы дүкендерде коньяк сатылымы 2,4 есе, арақ, түрлі ликер мен шарап сатылымы 29,4% артқан.
Ұлттық статистика бюросының мамандары шампан (3,2% азайған) және сыраны (6,2% азайған) қоспағанда, алкогольдің барлық позициясына сатылым өскенін анықтаған. Барлық сатып алынған (және тұтынылған) алкогольдің жалпы көлемі – 425,7 млн литр. Мұның 80%-ы – сыра. Барларда, дүкендерде және мейрамханаларда бұл ішімдіктің 347,8 млн литрі сатылған.
Былтыр елімізде күшті алкоголь сатылымы күрт өсті. Арақ 2 есе, коньяк 73,5% көп сатылды. Қазақстанға ағылған ресейліктерді есепке алмасақ, ішімдікті тұтынудың мұндай айтарлықтай көбеюіне басқа себеп жоқ.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан алкоголь өнімдерін өндіруде ішкі нарықтың сұранысын толық қанағаттандырмайды. Мәселен, биыл бірінші жартыжылдықта ішімдік шығаратын зауыттар сұранысты 87,2% қанағаттандырды. Барлық сатып алынған коньяктың әрбір екінші бөтелкесінде «Қазақстанда жасалған» деген жазу бар.
Қазақстандық өндірушілер дүкендерді көбірек өніммен қамтамасыз ете алар еді, бірақ олар өз бизнесін ішінара экспортқа бағыттайды. Елімізде өндірілетін коньяктың үштен бірі (28,7%) шетелге жіберіледі. Өндірілетін шараптың барлық көлемі Қазақстанда қалады. Өткізу көлемінің 34,4%-ы шетелдік шарап компанияларына тиесілі. Бұл сусынды елімізге ең ірі экспорттаушылар – Грузия мен Италия. Биыл 6 айда Қазақстан грузин және итальяндық шарапқа жалпы 12 млн доллардан аса қаржы жұмсаған.
Қазақстандықтар көбінесе отандық сыраларды тұтынады. Ішкі нарықтағы сұраныстың 88,3%-ын отандық сыра қайнатушылар қанағаттандырып отыр. Еліміздегі ірі сыра өндірушілері: «Шымкент сыра зауыты», Қарағандыдан Efes Kazakhstan, алматылық Caspian және Carlsberg Kazakhstan, Қостанайдан «Арасан», лисаковскілік «Алтын өмір» және тағы басқа. Қажеттіліктің қалған бөлігі импорт, негізінен Ресейден жеткізіледі.
Биыл екінші тоқсанда қазақстандықтар ішімдіктерге шығынын 13,1% арттырды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы сәуір-маусымда бір қазақстандықтың арақ, шарап және сыраға жұмсалған шығыны шамамен 1,5 мың теңге болды.
Бұл көрсеткішті былтырғы сәйкес кезеңмен ғана салыстыру орынды. Өйткені Қазақстанда алкогольдік өнімдерді сату көлемі қалыптасқан ішу мәдениетіне байланысты: мереке күндері көбірек ішіледі. Мұны цифрлар да растайды: төртінші тоқсанда, Жаңа жыл қарсаңында адамдар ішімдікке көбірек ақша жұмсайды. Жазда шығындар төмендейді. Бұл қазақстандықтар жазда аз ішеді дегенді білдірмейді.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары биыл екінші тоқсанда алкогольге ең көп ақша жұмсаған. Республика бойынша жалпы шығыс 1,5 мың теңге болса, Шығыс Қазақстан облысында ол 2,2 есе жоғары болды: 3,4 мың теңге. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары үшін де отбасылық бюджеттен шығын көп: 3,1 мың теңге. Қарағандылықтардың (2,9 мың теңге) және алматылықтардың (2,8 мың теңге) шығындары да осы сомаға жақын болды. Ішімдікке айтарлықтай аз ақша жұмсайтын өңірлердің қатарында бірнеше оңтүстік және батыс өңірлері бар. Ішімдікке ең аз ақша жұмсайтын өңір – Маңғыстау облысы.
Бір қызығы, елімізде алкогольдің ішінде сыра айтарлықтай қымбаттап жатыр. Мұндай қорытындыны алкогольдік сусындардың әрбір түрі бойынша тұтыну бағасының индекстерін бақылау арқылы жасауға болады. Мәселен, тамызда былтырғымен салыстырғанда арақ 10,1%, шарап 13,1%, сыра 23,5% қымбаттады. Ал мұндай айырмашылық ай сайын байқалады.
Биыл жыл басында сыраның қымбаттауы азық-түлік инфляциясының барлық рекордын жаңартты: қаңтарда сыраның құны 30,9% өсті. Бұл ретте алкоголь бағасының жалпы өсімі – 22,9% тіркелді, ал азық-түлік инфляциясы – 25,7%.