Штаттан тыс орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өспек
Ол үнемделген қаражат есебінен төленеді
Штаттан тыс орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өседі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 шілдеден бастап орман шаруашылығы саласындағы штаттық қызметкерлердің жалақысы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес көтерілген.
Қосымша үстемақы штаттық қызметкерлерге қарастырылған. Себебі мүдделі мемлекеттік органдармен келісу барысында қаулы ережелеріне сәйкес штаттан тыс қызметкерлерге үстемақы тағайындау мәселесі қолдау таппады. Өйткені олар сала мамандары емес.
Сонымен қатар, министрлікте жүргізілген мемлекеттік сатып алу мониторингінің қорытындысы бойынша 853 млн теңге көлемінде үнемделген сома анықталды.
Осыған байланысты, ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев аталған қаражатты 1 шілдеден бастап жалақысы көтерілгендер санатына кірмеген қызметкерлердің еңбегіне қосымша ақы төлеу үшін пайдалануды тапсырды. Үстемақы 4 мың 539 қызметкерге тағайындалмақ.
Айта кетсек, аталған қаражат министрліктің бекітілген бюджеті аясында бастапқыда жоспарланған нәтижелерді өзгертпей, өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындыларын қайта қарастыру есебінен бөлінді.