Halyq Uni логотип
×

Қорғастағы ығы-жығы адам: «Қазпошта» бұл жағдайға кім жауапты екенін айтты

2017 жылдан бастап багаждарды тасымалдау қызметін жеке компаниялар атқарады

 Айнұр Шошаева 18.09.2023 | 14:32
Қорғастағы ығы-жығы адам: «Қазпошта» бұл жағдайға кім жауапты екенін айтты
скриншот: видео

«Қазпошта» ҰК әлеуметтік желілерде тарап жатқан «Қорғас» халықаралық орталығындағы ұзын-сонар кезекке қатысы жоғын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Әлеуметтік желілерде «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығындағы адамдардың кептелісі туралы видео тарады. Желі қолданушылары кептеліс «Қазпошта» ұлттық компаниясы тарапынан, яғни қызмет көрсету сапасының төмендігінен туындағанын айтады.

«Қазпошта» жүйесінің мүлдем жұмыс істемейтініне назар аударғым келді, бұл кезектің жартысы тек мөр бастыру үшін, қалғандары жүк құжаттарын тапсыру үшін тұрды. ХХІ ғасырда «Қазпошта» қызметі неге цифрландырылмаған? Турникеттер неге жоқ? Жүктерді де тек қол қойып алуға болады, басқа механизмін қарастыруға болмай ма?», - деп жазды желі қолданушылары.

Ұлттық компания осы оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, бұл видеоға мекеменің еш қатысы жоғын мәлімдеді.

«Қазпошта» акционерлік қоғамының әлеуметтік желілерде резонанс туғызған видеоға еш қатысы жоқ. 2017 жылдан бастап багаждарды тасымалдауға қатысты қызметтер «Терминал-А» жеке компаниясымен ұсынылатынын және аталған компания «Қорғас» ХШЫО арқылы багажды қабылдау, тасымалдау және беру қызметіне жауапты екенін хабарлаймыз. Сонымен бірге, жеке компания аталған қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығына, «Қорғас» ХШЫО-мен өткізілген конкурс нәтижелеріне сәйкес ие болғанын мәлімдейміз», - деді компанияда.

Сондай-ақ компания «Қорғаста» тек қаржылық қызметтерді ұсынатынын атап өтті.

Қорғас» ХШЫО аумағында «Қазпошта» АҚ еліміздің басқа банктері секілді, тек қаржылық қызметтер ұсынатынын хабарлаймыз (банкомат пен валюта айырбастау пункті қызметі). Азаматтардың барлығы мен бұқаралық ақпарат құралдарынан осы жайтты ескеруді және «Қорғас» ХШЫО-ға багажды тасымалдау мәселесінде біздің компанияға қатысты қате әрі негізсіз болжамдар жасамауды сұраймыз, - деді «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама