4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған
Алматыда 16 мыңға жуық адам алимент төлемей жүр. Бұл туралы қалалық әділет департаментінің өкілдері айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Олардың айтуынша, бүгінде Алматы қаласының сот орындаушылары алимент өндіріп алу туралы 16 мыңнан аса атқарушылық істі қарауға алған. Оның 60%-дан астамы бойынша өндіріп алу процесі жүргізіліп жатыр.
Сот шешімдерін, оның ішінде алимент бойынша шешімдерді орындау көптеген қиындық турады. Мысалы, борышкердің қолма-қол ақшасының болмауы, тұрғылықты жерін көрсетпеуі, тұрақты жұмыс орнының, өндіріп алуға болатын мүліктің болмауы және тағы басқа, - деді қалалық әділет департаменті атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету бойынша бөлім басшысы Әнуар Жексеков.
2023 жылы алимент бойынша борышкерлер үшін 4 рет бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Онда 320 жұмыс орнына вакансия ұсынылып, жәрмеңкеге 15-тен аса ірі компания шақырылды.
Биыл департамент жалпы 78 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. 5 тәулікке дейін 81 әкімшілік қамау жазасы қолданылды. Алимент бойынша 4 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған, тағы 4 ұсыныс органдарда қаралып жатыр.
Жалпы борышкерлер 50 млн теңгеден аса берешегін төледі. Осылайша, департамент сот актілерін орындау жөніндегі міндеттерді орындады. Биыл сот орындаушылары берешекті өтеу есебінен 3 жылжымайтын мүлікті, 7 жылжымалы мүлікті сатты. Нәтижесінде 20 млн теңгеден аса берешек өтелді, - деді бөлім басшысы.
Алимент бойынша әрекетсіздігі үшін 8 жеке сот орындаушысының лицензиясынан айыру ұсынысы жіберілді. Осылайша, 4 сот орындаушысы лицензиядан айырылды, төртеуінің ісі сот қарауында.
Биыл 27-ден аса отбасы қайта қосылып, алимент төлеу мәселесі шешілген әрі медиаторлар арқылы 116 бітімгершілік келісім жасалған.