«Полицейлер сыпайы жауап беретін болды». Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?
Тәртіп сақшылары жұмысына жауапкершілікпен қарайтын болған
ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басқарма басшысы Әділғожа Құсайынов мемлекет басшысының тапсырмасы қалай іске асып жатқанын, полицияның мінез-құлқы түзеліп, қызметті сапалы көрсете бастағанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, былтыр ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен. Оны іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарының 37-тармағымен Integrity Check адалдыққа тексеруді енгізу тетігін пысықтау көзделді.
Биыл қаңтарда Ішкі істер министрлігі жұмысты пилоттық форматта бастады. Халықпен күн сайын байланыста болатын қызметкерлер тексерілді. Бұл – патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, ювеналды, көші-қон, жергілікті, әкімшілік полиция қызметкерлері, сондай-ақ модульдік бекеттер, фронт-офистер, - деді Әділғожа Құсайынов ІІМ-де өткен брифингте.
Басты назар жұмыстың сервистік тәсілдеріне, адамға және тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуге аударылған:
- Тексерілетін қызметкерлердің адамдармен сыпайы сөйлесу, әдеп сақтау, оқиға орнына жылдам баруын бағалау өлшемшарттары әзірленді.
- Қызметкердің сыртқы киіміне, жарақталуына, планшеттерді, бейнежетондарды, тіркегіштерді, көлікті, қаруды және тағы басқасын дұрыс пайдалануға баға берілген.
- Пилот шеңберінде полицейлерге пара ұсынылмаған.
- Объективтілік пен қызметкерлердің құқығын бұзуға, сондай-ақ арандатушылық, яғни провокациялық іс-қимылдарға жол бермеу үшін тексеруді тек Өзіндік қауіпсіздік қызметі жүргізген.
Жыл басынан ішкі істер органдарының 2 896 қызметкері мен 953 объект тексерілді. Тексерулер басталғанда: азаматтармен дұрыс сөйлеспеу, сапасыз қызмет көрсету, азаматтардың шағымдары мен өтініштеріне асықпай бару фактілері болған. Мұның барлығын біз тіркеп отырдық. Осындай қызметкерлермен әңгімелер жүргізілді. Кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деді басқарма басшысы.
Қазір қызметкерлер азаматтармен сөйлесу кезінде оларға қатысты тексеріс жүріп жатқанын білген. Сондықтан полицейлер өзінің мінезін түзеп, қызметті сапалы көрсете бастады.
Пилоттың аралық қорытындысы жағдайдың айтарлықтай жақсаруын көрсеткен:
- Өтініштерге жылдам қызмет көрсетілетін болды;
- Қызметкерлер жұмысқа жоғары жауапкершілікпен қарайды;
- Қазақстандықтарға дұрыс және сыпайы жауап береді.