Павлодарда балаларға былапыт сөз айтқан күдікті қамауға алынды
Бұған дейін балалардың анасы облыс әкімінен көмек сұраған
Павлодарда балаларға былапыт сөз айтып, тиіскен ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Оқиға 14 қыркүйекте қаладағы Кенжекөл мектебінің ауласында болған.
Павлодар қалалық Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ер адам кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі учаскелік полиция қызметкері мен куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.
Сот оны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп таныды. Ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, - деп жазылған хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Кенжекөл мектебінде мас ер адамның 1-сыныптың екі оқушысын алып кетуге тырысқаны хабарланған. Жәбірленушілердің бірінің анасы видео түсіріп, желіге жариялаған болатын. Ол облыс әкімі және білім беру басқармасынан мектепке күзет қоюды сұраған.