Ұлттық ұланда жеңімпаздар анықталды
Жарысқа 70-ге жуық спортшы қатысты
Семейде самбодан Ұлттық ұланның чемпионаты өтіп, мықтылар анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаладағы №5511 әскери бөлімінде спорттық және жауынгерлік самбодан Ұлттық ұланның чемпионаты аяқталды.
Жарыс 2016 жылғы 5 маусымда бір топ қарулы лаңкес Ақтөбе қаласындағы екі қару-жарақ дүкеніне және №6655 әскери бөлімінің қалашығына шабуыл жасағанда әскери борышын адал атқарып, шабуылды тойтару кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің рухына арналды. Спортшылар қаза тапқан ұландықтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Іс-шарада Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысушыларды чемпионаттың басталуымен құттықтады.
Жарыста Ұлттық ұланның «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары, Астанадағы №5573 әскери бөлімі мен Ұлттық ұлан академиясының 6 командасы, жалпы 70-ке жуық спортшы бақ сынады. Әскерилер 8 салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Самбо күресі мен жауынгерлік самбодан іріктеу жарысы тартысты өтті. Мұнда жеңімпаз атанғандар қарашада Ішкі істер министрлігінің Ақтау қаласында өтетін кубогына қатысады. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен облыс пен қала әкімдеріне алғыс айтамын, - деді Ұлттық ұлан дене дайындығы және спорт бөлімінің басшысы, полковник Сәтжан Әбішев.
Үшкүндік жарыстың қорытындысы бойынша бірінші командалық орынды және Жоғарғы бас қолбасшының кубогын «Батыс» өңірлік қолбасшылығының (Орал) командасы жеңіп алды. Екінші орынды №5573 әскери бөлімі (Астана) иеленсе, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының (Алматы) командасы үшінші орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздар мен жүлделі орынға ие болған командаларды Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов құттықтап, бағалы сыйлықтарды табыстады.