Ішкі нарыққа шетелдің арзан өнімдері де келіп жатыр
Қазақстанда алкогольге акциз қымбаттағанмен оларды тұтынатын қазақстандықтардың саны азаяр емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, кеше Мәжілісте үшжылдық бюджет туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы өткен.
Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономикадағы әріптестермен бірге бюджеттік жобаның барлық аспектісін талқыладық. Бизнеске салық салу мәселесіне ерекше назар аударып, алкоголь өнімдеріне акциздерді арттыру туралы айтылды. Бюджетті толықтыру тұрғысынан алғанда бұл өсім өзін ақтайды. Мәселен 2022 жылғы 5 айда бюджет 38,7 млрд теңгеге толығып, 1,8 есеге жуық өскен. Дегенмен (алкогольге акцизді) өсіру арқылы тұтынушылардың мұндай сусындарға деген ынтызарлығын төмендету аргументі даулы. Өйткені Қазақстан әлі де алкогольді тұтыну деңгейі жоғары елдердің бірі, - деп жазды депутат Facebook-тегі парақшасына.
Динара Шүкіжанованың пікірінше, бизнес тұрғысынан акциздердің өсуі отандық өндірушілерге кері әсерін тигізіп жатыр.
«Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 50-ден аса алкоголь өндірушісі болған. Қазір олардың саны 9-ға азайыпты. Кейбіреулер өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болса, басқалары көлеңкелі секторға көшті. Дегенмен оның орнын дүкен сөрелерінде сырттан әкелінетін алкоголь өнімдері басты.
Отырыста мен «Акциздердің өсуінен елде импорт үлесі артып, өндірілген өнім үлесі төмендеп отырғанын көрсететін динамика ескерілді ме?» деп сұрақ қойдым. Алайда жауапты министрлік өкілдері кейін және жазбаша жауап береміз деп шектелді», - деді ол.