Марат Ахметжанов тіл жанашырларын марапаттады

Дәурен Ерболат

Өңірде тілдер онкүндігінің қорытындысы шығарылды

Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мемлекеттік тілді дамыту, мемлекеттік тіл саясатын іске асыру, тілдік ортаны қалыптастыру саласындағы жемісті еңбектері үшін бір топ тіл жанашырын марапаттады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

2017 жылғы 5 қыркүйектен бері Қазақстанда Тілдер күні мерекесі атап өтіледі. Ол қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, көрнекті әдебиеттанушы және реформатор-лингвист Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орайластырылған.

Өңір басшысы Марат Ахметжанов жиналғандарды Тілдер күнімен құттықтап, тілдің ұлттың ұлы қазынасы, халықтың рухани қуатының негізі екенін атап өтті.

Елімізде жүргізіліп жатқан сындарлы тіл саясаты – толерантты тілдік ортаны қалыптастырудағы маңызды құндылықтардың бірі. Сондықтан мемлекеттік тілді басқа этностардың тілдерімен бірге дамыту мемлекет тұрақтылығының басты кепілі, - деді облыс әкімі.

Іс-шарада тілдерді оқытудағы жетістіктерді графикалық түрде көрсететін стендтер, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту бойынша оқу құралдары, әдістемелік жинақтар ұсынылған көрме ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Ақмола облысы әкімінің 10 аталым бойынша «Тіл жанашыры» арнайы сыйлығына ие болғандар марапатталды.

Облыста қазақ тілін үйрену бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. 149 мектеп пен 300-ге жуық мектепке дейінгі мекеме қазақ тілінде жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында 5 мектеп ашылды, оның ішінде Целиноград ауданының Өтеміс ауылында, Көкшетау және Қосшы қалаларында мемлекеттік тілде оқытатын 3 мектеп бар.

20 жылдан аса уақыт бойы облыста тілдерді дамыту орталықтары жұмыс істейді, онда кез келген тұрғын қазақ және ағылшын тілдерін үйрене алады.