Ұйым басшысы Дана Уайт осындай шешім қабылдаған
UFC промоушенінде сынға түсіп жүрген қазақ спортшылары бұдан былай еліміздің көк туымен октагонға шыға алмайды.
Vesti.kz сайтының жазуынша, жалпы аталмыш ұйымда Қазақстан атынан шығып жүрген отандастарымыз саусақпен санарлық. Олар әлемдегі ең мықты промоушенде алғашқы қадамдарын енді-енді жасап келеді.
Кез келген спортшы үшін, соның ішінде қазақ сарбаздары үшін халықаралық жарыстарда көк тумен шығу аса маңызды. Себебі ұлттық нақыштағы атрибутикаларымыз спортшыларымызға қосымша күш береді. Жауапкершіліктері артады.
Алайда бұдан былай әлемде болып жатқан саяси оқиғаларға байланысты ұйымның президенті Дана Уайт лиганың барлық спортшысына өз елдерінің туымен октагон ішіне аттап басуға рұқсат бермеді.
Жуырда ресейлік Петр Ян кештің басты айқасына шығар алдында Ресей туынсыз шықты. Ұйымдастырушылар көпшілік алдында арандатушылық болмасын деген оймен Янға алдын ала ескерту жасаған. Нәтижесінде ресейлік спортшы тусыз шықты. Сол секілді енді қазақ ММА шеберлері де ұлттық нақыштағы бас киімдермен шыққанымен, көк туды сегіз бұрышқа алып кіре алмайтын болды.