Ұлттық қор трансфертін 4 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып жатыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кепілдендірілген трансферт туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», - делінген хабарламада.
Заңға сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2022 жылы 4 030 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл қаражат елдің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын одан әрі қамтамасыз етуге жұмсалады.
Бұған дейін Парламент мәжілісі Ұлттық қордан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын мақұлдаған болатын.