Жамбыл облысында автобус апатқа ұшырады, қаза тапқандар бар

Нұрдәулет Кенжебай

Үш адам жансақтау бөліміне жатқызылды

фото: Жамбыл облысы ПД

Жамбыл облысында 12 мамыр күні сағат 15.50 шамасында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының 571-шақырымында жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады. 

Жол апатына жаңбыр мен бұршақ жауып, күн райының бұзылуы себеп деп болжанып отыр.

«Жолаушылар тасымалдайтын автобустың жүргізушісі рульге ие бола алмай, бір бағытта келе жатқан трактордың тіркемесіне соғылған. Жол апаты салдарынан автобус жүргізушісінің көмекшісі мен жолаушы сол жерде қайтыс болды. Ауруханаға 33 адам жүгінді. Олардың үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылды», - деп хабарлады Жамбыл облысының полиция департаментінен. 

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен (көлік құралын басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.