Биыл ішкі туристер саны 3,1 млн адамға жетті
Елімізге 500 мыңнан астам шетелдік келген
Биыл елімізге 3,1 млн турист келген. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.
Оның айтуынша, қазір елімізде туризм саласында инвестициялық әлеуетті дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. 2019 жылдан бастап жалпы сомасы 437 млрд теңгеге 400-ден астам инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 288 миллиард теңгеге 115 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар 14 мыңнан астам төсек-орын және 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашады.
Биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 3,1 млн адамға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 400 мыңға өсті. Бұл – пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, 1 млн-ға жуық адамға артық. Жыл қорытындысы бойынша елімізде ішкі турист саны 9 млн-ға жетеді деп болжанып отыр, – деді ол.
Сонымен бірге ол шетелдік туристер саны 1,8 есе өсіп, 500 мыңнан асқанын, 2023 жылдың соңына дейін елімізге 1,4 млн шетелдік турист келуі мүмкін екенін айтты.
Оның айтуынша, назарға алуға және талқыға салуға тұратын тағы бір мәселе – балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту. Балалар лагерлерінің кешені жаңартуды қажет етеді. Бұл міндетті іске асыру үшін балалар лагерлерін салу кезінде шығындарды өтеу деңгейін 10%-дан 25%-ға дейін арттыру ұсынылады. Дәл осындай шешім жол бойындағы сервис объектілеріне қатысты да қабылдануы қажет.