Тамызда 240 мыңнан аса қазақстандық жұмыс іздеген
Олардың арасында мұғалімдер, жүргізушілер мен даяшылар бар
Қазақстанда бір жылда жұмыс іздеушілердің саны артқан, деп хабарлады hh.kz.
Биыл тамызда еліміз бойынша 240 мыңнан аса адам аталған сайттан жұмыс іздеген. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 227% көп. Ал осы жылдың шілдесіндегі көрсеткіштен 12% аз.
Тамызда жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуі студенттер мен оқушылар арасында жұмыс іздеу маусымының аяқталуымен байланысты, - деп жазылған хабарламада.
Тамызда мына мамандықтар бойынша жұмыс іздегендердің қатары көп болған:
- Оқытушы
- Мұғалім
- Сату жөніндегі менеджер
- Тұтынушылармен жұмыс жөніндегі менеджер
- Сатушы-кеңесші
- Сатушы-кассир
- Жүргізуші
- Әкімші
- Бухгалтер
- Инженер-конструктор
- Инженер-жобалаушы
- Бағдарламашы
- Сатып алу жөніндегі менеджер
- Даяшы
- Бармен
- Бариста
Айта кетейік, өткен айда бір бос жұмыс орнына бәсеке төмендеп, көрсеткіш 4,5 болды. Бұл бір бос жұмыс орнына 4-5 адамның үміткер болғанын көрсетеді.