Елімізде жұмыссыздардың қандай қылмысты жиі жасайтыны айтылды
Қылмыс көбінесе Алматы және Астанада жасалады
Қазақстанда жыл сайын заң бұзатын жұмыссыздардың саны азайып жатыр, деп хабарлады Ranking.kz.
Биыл қаңтар-тамыздың қорытындысы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар арасында 30,1 мың жұмыссыз бар. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, 5,1% аз. Оның ішінде 5,5 мың адам теріс қылық, ал 24,6 мың адам қылмыс жасаған. Осы 24,6 мың адамның 10,7 мыңы ауырлығы орташа қылмыс, 8 мыңы ауыр қылмыс, 5 мыңы онша ауыр емес қылмыс, 959-ы аса ауыр қылмыс жасаған.
Заңды бұзатын жұмыссыздардың саны жылдан жылға азайып жатыр. Мәселен 2022 жылы бұл көрсеткіш 3,6% немесе 31,7 мың адамға, 2021 жылы 21,8%, 32,9 мың адамға, 2020 жылы 22,8%, 42,1 мың адамға, 2019 жылы 6,5%, 54,5 мың адамға дейін төмендеді.
Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған жұмыссыздардың ең көбі Алматы қаласында: 5 мың адам. Былтырғы көрсеткіштен 27% артық. Одан кейін тізімде Астана (3 мың адам, 5,8% көбейген) және Алматы облысы (2,4 мың, 40,7% азайған) тұр.
Ең төменгі көрсеткіштер Ұлытау (239 адам), Абай (710 адам) және Қызылорда (781 адам) облыстарында тіркелді.
Қылмыстық кодекстің баптары бойынша жұмыссыз құқықбұзушылардың 35,1%-ы (10,6 мың адам) ұрлықпен ұсталды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, 8,3%-ға аз.
Жұмыссыздар арасында ең көп жасалған қылмыс түрлері мынадай:
- Алаяқтық (3,7 мың адам, 13,9% көбейген),
- Ұсақ ұрлық (3,1 мың адам, 7,1% азайған),
- Есірткіні сату мақсытынсыз заңсыз пайдалану (1,6 мың адам, 6,9% азайған),
- Жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережесін бұзу (1,2 мың адам, 8,4% көбейген).