Күрделі мәселені аймақтағы елдер бірлесіп шешуге тиіс
Әлемдегі климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және егістікке судың жетіспеуі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінгі кездесудің символдық мәні зор.
Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылғанына 30 жыл толды. Қор құрылғаннан бергі уақыт аралығында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды. Орталық Азияның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және орнықты дамуын қамтамасыз ету ісінде Қор зор рөл атқарады, - деді ол Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының кеңесі отырысында.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлемдегі жағдай күрделі екенін атап өтті.
Жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30% кішірейген. Сарапшылардың бағалауынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3% мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 млн-ға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады, - деді президент.
Бүгінде Орталық Азия елдері суды тиімсіз пайдалану және экологиялық зардаптарды елемеу проблемаларымен бетпе-бет келіп отыр.
Біздің өңірдегі Сырдария мен Әмудария секілді екі негізгі өзен сулары арнасының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше шақырымға жететін 80-нен аса су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам бар. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді.
Қазақ халқында «Су – ырыстың көзі» деген мақал бар. Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын. Себебі бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі – өте өзекті.
Бұл біздің су ресурстары жөніндегі ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады. Жуырдағы Жолдауымда мен су мәселесіне ерекше назар аудардым. Менің тапсырмам бойынша Қазақстанда осы саланың өзекті мәселелерімен тікелей айналысатын жеке ведомство – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Барлық көршілес мемлекеттермен конструктивті қарым-қатынас жасаймыз деп сенемін, - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды:
Бұл қадам климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.