Ол үш кезеңнен тұрады
«Дене шынықтыру» пәні бойынша мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасы өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, пәндік олимпиада мына үш кезең бойынша өтеді:
Бірінші кезең – аудандық. 2023 жылдың қыркүйек айында аудандық білім бөлімдері өткізеді.
Екінші кезең – облыстық (қалалық). Облыстық кезеңді 2023 жылдың 5 қазанына дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларының облыстық білім басқармалары өткізеді.
Үшінші кезең – республикалық. 2023 жылдың 23-27 қазанында Алматы қаласында өтеді.
Дәстүр бойынша еліміздің мектеп оқушылары арасында дене шынықтыру пәні олимпиадасы үшінші рет өткізілмек.
Мұндай іс -шараны республикалық деңгейде өткізу білім алушыларды спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын ұстануға ынталандырады, сондай-ақ оқушылардың дене тәрбиесін қалыптастыруға үлкен әсер етеді, – деді ҰҒПДТО директоры Сағдат Садықов.
Олимпиадаға жалпы білім беретін мектептердің, гимназиялар мен лицейлердің 5-6, 7-8 сынып оқушылары, «Дене шынықтыру» пәні бойынша олимпиаданың екінші кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады.