Астанада жаппай төбелес болды
Төбелеске түнгі клуб күзетшілері мен келушілердің қатысқаны белгілі болды
Жанжал Астананың түнгі клубтарының бірінде, күзетші мен клубқа келушілер арасында болған, деп хабарлады Polisia.kz.
Кейінірек «102» арнасына Қарағанды тасжолында, жол жиегінде жаппай төбелес болып жатқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтың жолын кесіп, 17 адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Төбелеске түнгі клуб күзетшілері мен келушілердің қатысқаны белгілі болды. Жанжал кезінде қатысушылардың бірі атыс қаруын қолданып, бірнеше рет оқ атқан. Тергеу шаралары барысында полицейлер тегіс ұңғылы мылтықты тауып, тәркіледі.
Аталған қылмысты жасаған күдіктілер Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір оқиғаның қалған қатысушыларын анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр. ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.