Halyq Uni логотип
×

«Қомақты қаржы жұмсалып жатыр». Депутат шетелдік сериалдарды көрсетуге тыйым салуды сұрады

Осылайша, сапалы отандық контенттің үлесін арттыруға болады

 Дәурен Ерболат 14.09.2023 | 16:32
«Қомақты қаржы жұмсалып жатыр». Депутат шетелдік сериалдарды көрсетуге тыйым салуды сұрады
Фото: liter.kz

Сенат депутаты Қайрат Тастекеев қазақстандық телеарналарда көрсетілетін шетелдік телехикаяларды шектеуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, бұл – еліміздің болашағы үшін маңызды.

Теледидарды қоса қалсаң, шетелдік телесериалдар көрсетіліп жатқанын байқайсыздар. Бұл сериалдарды сатып алу үшін бюджеттен миллиондаған қаражат жұмсалатыны анық. Теледидар қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады. Ол азаматтарымыздың талғамын, пікірлерін және құндылықтарын қалыптастырады. Бүгін өзіміздің мәдени болмысымызға және шығармашылық салаларымызға қысым жасайтын шетелдік сериалдардың толқынына тап болдық. Экрандарымызда шетелдік телехикаяларды көрсетуді шектеу – отандық кино мен телехикаяларға жақсы мүмкіндік береді, - деді Қайрат Тастекеев Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған депутаттық сауалында.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ірі қалаларда күн сайын адамдардың 47%-ы, апта сайын 72%-ы теледидар көрген.

Теледидардағы шетелдік өнімнің едәуір бөлігі ұлттық мәдени сәйкестікке қауіп төндіреді. Шетелдік сериалдардың көпшілігінде басқа мәдени стереотиптер мен құндылықтар басым, бұл халыққа теріс әсер етуі мүмкін. Шетелдік телехикаяларға тыйым салу немесе шектеу қазақстандық телевизия индустриясының дамуына ықпал етеді, - деді сенатор.

Депутаттың айутынша, Францияда телеарналарды француз фильмдерінің белгілі бір санын таратуға міндеттейтін заңдар бар. Сондай-ақ онда киноиндустрия үшін салықтық жеңілдік қарастырылған. Ал Оңтүстік Корея киноиндустрияға қаржылық қолдау, салық жеңілдіктерін және субсидия ұсынады.

Депутат күн сайын отандық телеарналарда шетелдік телехикаяларды көрсетуді шектейтін заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу керек деген пікірде.

«Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның 28-бабында бекітілген отандық телеарналардың апта сайынғы телерадио хабарларын тарату көлемінде отандық телебағдарламалардың санын арттыру туралы мәселені қарау маңызды. Кино және теледидар саласында білім беру бағдарламаларын құру арқылы, яғни ғылым, жаңа технологиялар, өнеркәсіптің даму тенденциялары, мәдениет, тарих және басқа да маңызды бағдарламаларды эфирге шығару қажет», - деді Қайрат Тастекеев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама