Ақмола прокуратурасы өңірге 127 млн еуродан астам инвестиция құюдағы кедергіні жойды

Динара Амантай

Прокуратура тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жалғаса береді

Фото: Halyq Uni

Ақмола прокуратурасы өңірге 127 млн еуродан астам инвестиция құюдағы кедергіні жойды. Бұл туралы облыс прокуроры Айдос Майлыбаев ірі кәсіпкерлермен және инвесторлармен кездесу барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиында прокурор Ақмола облысында абердин-ангус сиыр етін бордақылайтын кешен құрылысын салу жобасын іске асыру кезінде облыс экономикасына 127 миллион еуродан аса инвестиция құюды жоспарлаған инвестордың қандай кедергілерге тап болғанын мәлімдеді. Құрылыс бастауға қажет жер учаскелерін және рұқсат құжаттарын ала алмауынан, инвестициялық жобаны іске асыру 3 жылға жуық созылып, тек прокуратураның араласуынан кейін ғана 2 айдың ішінде инвесторлар өз жұмысын бастады.

Тапсырма бар. Міндеттер қойылды. Прокуратура тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жалғастырылатын болады. Қазіргі кездесудің басты мақсаты – мемлекеттік аппараттың бизнес қоғамдастықпен сенімді өзара іс-қимылын қалыптастыру, – деді облыс прокуроры.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары, Атамекен кәсіпкерлер палатасының директоры, «Қазақинвест» АҚ өңірлік директоры, Ақмола облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің бастығы, сондай-ақ облыстың құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.