×

Үш бірдей орынбасары жемқорлық күдігіне ілінген Атырау облысының әкімі сот шешімін күтіп жүр ме?

Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алынды

коллаж: Halyq Uni

19 желтоқсанда Махамбет Досмұхамбетовтің Атырау облысының әкімі болып тағайындалғанына тура екі жыл толады. Атырау облысының әкімі осы екі жыл ішінде білікті басшы, іскер азамат ретінде емес, өзі тағайындаған орынбасарларының жемқорлық күдігіне ілінуімен есте қалды.

2020 жылдың 13 наурызында Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бақытгүл Хаменова төрт жылға жуық уақыт Мәжіліс депутаты болды. Атыраулықтар оны журналист, педагог ретінде жақсы таниды. Мәжіліс депутаттығына сайланғанға дейін Бақытгүл Хаменова Атыраудағы Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжін басқарған.

2021 жылдың 10 желтоқсанында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғаны хабарланды. 11 желтоқсанда бұл ақпаратты Антикор растап, Бақытгүл Хаменованың қамауға алынғанын ресми түрде мәлімдеді.

Бақытгүл Хаменованың облыс басшысының орынбасары болып тағайындалған сәті

Нақтырақ, Атырау облысы әкімінің орынбасары мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысына қатысты тергеу басталды.

Олар Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді, - делінген хабарламада.

Арада бір тәулік өткен соң Атырау қалалық мамандандырылған тергеу соты облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Үйқамаққа алуға күдіктінің жалғызбасты әйел екені, Атырау қаласында тұрғылықты тұратыны, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағаны, бұрын сотты болмағаны, кішкентай екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырғаны, асырауында қарт анасының болуы әсер еткен.

2020 жылдың 22 мамырында Махамбет Досмұхамбетов сол кезге дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Нұрлан Таубаевтың лауазымын өсіріп, бірінші орынбасары етіп тағайындады. Алайда, Нұрлан Таубаевтың да «қуанышы» ұзаққа бармады.


Нұрлан Таубаев пен Махамбет Досмұхамбетов, фото: azh.kz

2020 жылғы 10 қыркүйекте 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров ұсталды. Былтыр 3 желтоқсанда Н.Таубаев пен Т.Басаровқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Содан бері сот процесі жалғасып келеді, бірақ Нұрлан Таубаев кінәсін мойындаған жоқ.

Биыл 26 қаңтарда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған Қайрат Нұрлыбаев Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Қанат Нұрлыбаев, фото: azh.kz

Атыраудағы №2 қалалық сотқа 80 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа қатысты қылмыстық іс түсті.

Сот алдында облыс әкімінің орынбасарынан бөлек «Бұйырғын» кооперативінің 55 жастағы директоры Нұрлан Бисембаевтан да жауап алынады. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену немесе жымқыру») бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық іс 14 томға жинақталған. Атырау облысының прокуратурасы істі электронды форматта сотқа жіберді.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов 2021 жылдың шілдесінде ОКҚ-да өткен брифингте ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың кінәсі дәлелденген жағдайда отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді.

Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, кез келген саяси қызметшіге тікелей бағынышты қызметкер сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін ұсталып, сотта оның кінәсі дәлелденсе, оның басшысы отставкаға кетуі керек. Бұл заңға мен де бағынамын. Сондықтан тиісті сот шешімі шықса, бәрін заң бойынша жасаймын, - деген аймақ басшысы.

Одан бөлек, биыл сәуір айында сот облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бұрынғы басшысы Серік Қамидолланы ҚР Қылмыстық кодексінің нің 361-бабы (Қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп таныды, бірақ «жасаған ісіне өкінуіне байланысты» оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Осыдан кейін басқа салалармен қатар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды қадағалайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков өзін қызметтен босатуға өтініш берді, бірақ облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов оған қатаң сөгіс берумен шектеліп, арызын қабылдамады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама