Қазақстандық оқушылар Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасында 4 медаль жеңіп алды
Білім додасына әлемнің 24 елінен 96 қатысушы өзара бәсекеге түсті
Қазақстандық оқушылар Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасында 4 медаль жеңіп алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 8-14 қыркүйек аралығында қазақстандық құрама Грузияда өткен EJOI-2023 информатикадан еуропалық жасөспірімдер олимпиадасына қатысқан. Білім додасына әлемнің 24 елінен 96 қатысушы өзара бәсекеге түсті.
EJOI халықаралық IOI информатика олимпиадасының ережелері мен стандарттарын ұстанады. Бұл маңызды оқиға – Еуропа Кеңесінің мүше мемлекеттерінде IT-индустрия элитасының даму сатысы.
Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрама командасы төрт медаль жеңіп алды:
Алтын – Мансур Мамадахунов. Қызылорда қаласындағы С. Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» облыстық лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
Күміс – Сұңғат Серікбай. Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
Күміс – Әлем Аменов. Семей қаласындағы «Білім-Инновация» дарынды ұлдарға арналған мамандандырылған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
Қола – Әлішер Алдамжаров. Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы.
Құрама жетекшілері: Темірлан Сатылханов – Astana IT университетінің оқытушысы және Айдос Нұрмаш – халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы.