Кәсіпкерлер Тәжікстанмен 82,1 млн долларға келісімшарттарға қол қойды
Биылғы жылдың 6 айында екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 557,4 млн доллар болды
Қазақстан кәсіпкерлері 10-12 қыркүйек аралығында Душанбе қаласында өткен сауда-экономикалық миссиясына қатысты. Іскерлік кездесулердің қорытындысы бойынша 82 млн доллардан асатын сомаға экспорттық келісімшарттар жасалды.
Бизнес-миссияны Сауда және интеграция министрлігі QazTrade және Тәжікстанның Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп ұйымдастырды, – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Душанбедегі іскерлік форумда Тәжікстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Нуриддинзода Ахлиддин Нұриддин атап өткеніндей, Қазақстан мен Тәжікстанда экономиканың түрлі секторлары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықтың көптеген бағыттары бар. Біздің еліміз Тәжікстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ол екінші орында.
Біз Қазақстанды ең маңызды және сенімді серіктес ретінде қарастырамыз. Біздің қарым-қатынасымыз қарқынды дамып, әртүрлі салаларды қамтиды. Бұл іс-шара елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың айтарлықтай жандануына ықпал етеді деп шын жүректен үміттенемін, – деді Тәжікстан Республикасының Экономикалық даму және сауда вице-министрі.
2023 жылдың 6 айында мемлекеттеріміз арасындағы өзара тауар айналымы 557,4 млн доллар болды. Тәжікстанға қазақстандық тауарлардың экспорттық жеткізілімдері 6,9%-ға өсіп, 387,2 млн долларға жетті. Бірінші жартыжылдықта импорт көлемі 33,3%-ға, яғни 170,2 млн долларға дейін азайды.
Қазақстан Тәжікстан нарығына бидай, күнбағыс майы, легирленбеген болаттан жасалған ыстық илектелген шыбықтар, мұнай өнімдері мен басқа да өнімдерді жөнелтеді. Тәжік импортының тауарлары арасында көкөністер, жаңа піскен және кептірілген жемістер, жаңғақтар дәстүрлі түрде танымал өнімдер.
Сонымен қатар, қазақстандық тауар өндірушілердің әлеуеті өңделген тауарлар экспортының көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер Тәжікстан тұтынушысына 60 атаумен өнім жеткізуге дайын.
Қазақстан Республикасының Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уәлихан Төреханов өзінің құттықтау сөзінде: «Біздің екі мемлекет арасындағы мүмкіндіктер өте зор екенін көрсетті. Мұндай іскерлік кездесулер мен сауда миссиялары бизнеске жергілікті жерде ынтымақтастық шарттарын талқылауға, қолда бар әлеуетті іске асыруға мүмкіндік беретінін растады», – деді.
Душанбеге іскерлік сапар кезінде қазақстандық компаниялардың өкілдері өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, сауда желілеріне барып, B2B форматында көшпелі кездесулер мен келіссөздер өткізді.
Әлеуетті тәжік серіктестері біздің машина жасау және химия өнеркәсібі өнімдерін, сондай-ақ азық-түлік өнімдерін өндірушілерге үлкен қызығушылық танытты.
Душанбедегі сауда-экономикалық миссиясына машина жасау, тамақ, химия, өңдеу өнеркәсібінің 22 қазақстандық кәсіпорны қатысты. Бұл Қазақстан мен Тәжікстанның іскер топтарының бір алаңдағы екінші кездесуі. Мамыр айында Астана қаласында ірі Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумы өтіп, онда 2,6 млрд доллардан астам сома тұратын ынтымақтастық туралы 40 құжатқа қол қойылды.
Сондай-ақ, тамыз айында Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға сапары аясында Қазақстандағы Тәжікстан күндері және Тәжікстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, халық қолөнері және ұлттық тағамдарының көрме-жәрмеңкесі өтті.
Өз кезегінде 13-15 қыркүйек аралығында Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші Консультативтік кездесуі аясында өтетін Душанбедегі ұлттық тауарлардың халықаралық көрмесіне қатысады.