Әуезов ауданындағы "Сары-Арқа" және "Момышұлы" метро станциялары іске қосылатын болды
Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуінде қаланың инвестициялық тартымды және перспективалы бөлігі ретінде ауданның даму қарқынына назар аударды. Оның айтуынша, ауданда транзиттік орналасуына байланысты көлік ағыны тым көп. Осы бағыттағы бірнеше жоба жүктемені азайтады деп күтіледі.
2022 жылдың маусымында Әуезов ауданындағы "Сары-Арқа" және "Момышұлы" метро станциясын іске қосамыз. Бұл метрополитеннің тәуліктік жолаушылар ағынын 40 мыңнан 86 мыңға дейін арттырады, - деді қала басшысы.
Сонымен бірге, ауданда Төле би көшесін ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Досаев бұл үшін әкімдікке 270 жер учаскесін босату қажет екенін атап өтті. Шенеуніктер 63 учаскенің сатып алу бағасына келіскенін, қалған 207 учаске бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.