Бүгінде сенімгерлік басқаруға беру шарты бұзылды
Маңғыстау облысының прокурорлары бағалау құны 145 млн теңгеден асатын «Маңғыстау облыстық тері-венерологиялық диспансері» коммуналдық кәсіпорнын мемлекетке қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бұған дейін кәсіпорын Үкіметтің денсаулық сақтау объектілерін мемлекет иелігінен шығаруға салынған тиымына қарамастан, кейіннен сатып алу құқығымен 5 жыл мерзімге «Қарақия оңалту орталығы» ЖШС-ға сенімгерлік басқаруға берілген. Мүліктік кешеннің бағалау құны – 145 млн 470 мың теңге.
Осыған байланысты облыс прокуратурасы қадағалау актісін енгізді.
Облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жарамсыз деп танылып, кәсіпорын мемлекет меншігіне қайтарылды, – делінген хабарламада.
Жалпы, жыл басынан бері облыс прокуратурасымен мемлекетке 7 млрд теңгеден аса мүлік (жер учаскелері мен мүліктік кешендер) қайтарылған.