Елорда әкімдігі алыпсатарларға бағаның өсуіне жол бермеу керектігін ескертті
Үстемеақы 15%-дан аспауы керек
Астанада алыпсатарларға бағаның өсуіне жол бермеу керектігі ескертіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, азық-түлік тауарларының бағасы бақылауда.
Бағаның өсуіне жол бермеу үшін сауда субъектілеріне үстемеақы 15%-дан аспауы керек деген түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Делдалдар азық-түлік, ет және сүт өнімдері саласында кездеседі. Олар өнімді көтерме сатушылардан (дистрибьюторлардан) сатып алады, бөлшек саудагерлерге 15% үстемеақы қосып сатады, - деді басқарма басшысы.
Биыл сәуірден бастап сауда үстемесін бұзудың 23 дерегі анықталды.
Заң бұзғандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабы бойынша жауапқа тартылды, - деді Нұрғали Егембердиев.
Сөз соңында ол елордадағы Шанхай, Алтай, Ұлжан базарлары жаңғыртуға жататынын атап өтті.
Бұған дейін Астанада ет бағасының бір жылда айтарлықтай көтерілгені хабарланған еді.