×

600-ден астам адам әскери қызметтен кейін жеңілдікпен оқуға түсе алады – министрлік

Тегін оқытуға іріктеу қорғаныс ведомствосының «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі

 Дастан Жұмабекұлы 12.09.2023 | 15:38
Фото: Қорғаныс министрлігі

Былтырдан бері Қорғаныс министрлігі әскерде қызмет еткен азаматтарға білім беру жеңілдіктері арқылы жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру жөніндегі жобаны іске асырып келеді.

Бүгінде жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсу мүмкіндігін 604 қазақстандық пайдалана алды. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 19, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне – 17, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне – 15, Торайғыров университетіне 10 азамат тегін оқуға түсті, –  деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Ақылы негізде ҰБТ-ны есепке алмағанда, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне – 73, Торайғыров университетіне – 45, Ш. Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институтына – 51, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне 35 адам оқуға түсті.

Осыларды ескере келе, Қорғаныс министрлігі студенттердің бұл санатын жатақханамен және шәкіртақымен қамтамасыз ете отырып, гранттар беру процесін заңнамалық реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еске сала кетсек, әскери қызметшілерді тегін оқытуға іріктеу Қорғаныс министрлігінің порталында жарияланған «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Қазір бұл ресурста 38 316 мерзімді қызмет сарбазы тіркелген.

2022 жылдың күзінде әскерге шақырылған 13 805 әскери қызметшінің бағалау көрсеткіштерін енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар үшін квоталарды бөлу биыл қазан-қараша айларына жоспарланған. Сонымен бірге 2023 жылдың көктемінде әскерге шақырылған сарбаздарды да тіркеу жүріп жатыр. Қазір 11 948-ден астам адам тіркелген, – делінген хабарламада одан әрі.

Қорғаныс министрлігі жобаны одан әрі танымал ету мақсатында айтарлықтай жұмыстар жүргізіп жатыр. Жастардың жеке жоспарлары мен армияның олардың жеке қалыптасуындағы рөлі туралы бейнероликтер дайындалды.

Осындай сауалнамадан Astana IT University-нің 1-курс студенттері Айдар Науша, Әмір Қайыров және Әділет Құдашев өтті. Олар – жоғары оқу орындарында тегін білім алу сертификаттарын иленген азаматтар. Айдар Науша Қарулы күштердің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде қызмет етті. Қазір «медиа-технологиялар» бағыты бойынша білім алып жатыр.

Университет базасындағы әскери кафедра елдің жұмылдыру резервін толықтыру үшін запастағы офицерлер мен сержанттарды дайындайды. Оқу кезінде үшеуі де әскери кафедрада оқып, запастағы офицер болуға ниетті.

Қазір Қорғаныс министрлігінен басқа, бұл жобаға Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметі де қатысады. Болашақта ҰҚК Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігі де «Срочники 2.0» жүйесіне қосылмақ.

Сертификаттың бар-жоғын тексеру үшін «Іздеу» бөліміндегі «Срочники 2.0» жүйесіне өз деректеріңізді, яғни «тегіңізді, атыңызды, әкеңіздің атын» енгізіп, «Табу» опциясын басу қажет. Еске сала кетсек, жастар бұл сертификатты екі жыл бойы пайдалана алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама