Олар туғандарының көлік апатына түскеніне сеніп қалған
Щучьеде алаяқтар егде жастағы әйелдерді 3 млн теңгеге сан соқтырды, деп хабарлады Polisia.kz.
8 қыркүйекте Бурабай ауданының полиция бөліміне Щучье қаласының тұрғындарынан 2 арыз түскен. Олар алаяқтық дерегіне шағымданған.
Бірінші жағдайда алаяқтық жасалғанын зейнеткердің 30 жастағы немересі хабарлаған. Алаяқтардың айтуынша, ол көлік апатына түсіпті-міс. Осы уақытта жалған полицейлер 77 жастағы әжеге хабарласып, немересінің апатқа түскенін айтып, ақша талап еткен. Қобылжыған әйел немересіне қоңырау шалмастан, белгісіз курьерге жинап жүрген 900 мың теңгесін бере салған.
Бірнеше сағаттан соң полицияға екінші арыз түскен. 76 жастағы жәбірленуші алаяқтардың арбауына түсіп, қызының көлік апатына түскеніне сенген. Осылайша, ол алаяққа 2 млн теңгесін берген. Бірінші оқиғадағы сияқты қарт тұрғынның «апатқа түскен» 35 жастағы қызы полициядан көмек сұраған.
Тіркелген 2 дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі («Алаяқтық») негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.