Қазақстанда ешкі мен шошқаның саны азайған

Дәурен Ерболат

Бір жылда ет Астанада айтарлықтай қымбаттаған

Фото: eldala.kz

Биыл қаңтар-шілдеде Қазақстанда қой, ешкі, шошқа, жылқының жас еті немесе салқындатылған ет өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 6,5% өсті, деп хабарлады Energyprom.kz

Ең көп өндірген өңір Қостанай облысы: 7,5 мың тонна, жылдық өсім – 25%. Үздік үштікке Ақтөбе (6,3 мың тонна, плюс 1,7%) мен Солтүстік Қазақстан облысы (6,2 мың тонна, плюс 28,5%) енді.

2022 жылы елімізде жалпы 73,1 тонна ет өндірілген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 11,4% көп.

Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша 9,7 млн ірі қара мал тіркелген. Бұл – былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,7% көп. Оның ішінде 4,8 млн сиыр бар, плюс 4,7%.

Сондай-ақ жылқы (7,7%, 4,2 млн басқа дейін), түйе (4,4%, 280,7 мың басқа дейін) және қой (3,6%, 23 млн басқа дейін) көбейді. Керісінше, ешкі басы 3,9%, 2,6 млн басқа дейін, шошқа 2,7%, 818,3 мың басқа дейін, құс 0,3%, 49,6 млн басқа дейін азайған.

Биыл шілденің қорытындысы бойынша ет, ет өнімдері бағасы бір айда 0,3%, бір жылда 11,2% өскен.

Бір жылда ет Астанада айтарлықтай қымбаттаған: 16,3%. Одан кейінгі орында Алматы (15,5%) мен Солтүстік Қазақстан облысы (15,2%) тұр. Ал ең төменгі өсім Түркістан облысында тіркелді: 5,7%. Сиыр еті 11,5%, қой еті 7,1%, шошқа еті 11,9%, жылқы еті 9,1%, пісірілген шұжық 14,5%, жартылай ысталған шұжық 12,7% өсті.

Дүкендер мен нарықтағы сиыр етінің бағасы – Қазақстан бойынша орта есеппен келісіне 2,6 мың теңге, қой еті – 2,8 мың теңге, шошқа еті – 2,2 мың теңге, жылқы еті – 3 мың теңге, пісірілген шұжық – 2,8 мың теңге, жартылай ысталған шұжық – 3,3 мың теңге.