«Олигархтардың жерін тексере бастағанбыз». Депутат өзіне қысым күшейгенін мәлімдеді

Дәурен Ерболат

Оның пікірінше, белгісіз біреулер өз мүддесін қорғап отыр

Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қоқан-лоққыға тап болғанын, полицияның көмек көрсетпегенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Айта кетсек, биыл 7 кыркүйекте оның пәтерінің алдында тұрған баласының арбасын белгісіз біреулер өртеп жіберген болатын.

(Тұрғын үйдегі – автор) бейнебақылау камераларын қарадық. Онда белгісіз адамның подъезге кіргенін, кейін баланың арбасын өртегенін көруге болады. Менің ойымша, бұл – провокация. Ол психикалық ауру адам дейтінін (жауаптан босататынын, – автор) жоққа шығармаймын. Алайда провокация менің кәсіби қызметіммен тікелей байланысты деп санаймын, - деді Бақытжан Базарбек Мәжіліс кулуарында.

Ол соңғы уақытта өзіне қоқан-лоққының тым көбейгенін ашық айтты.

Бұл AMANAT партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары болғанымнан басталды. Біз жер пайдаланушыларға көптеген тексеруді ашық жүргізе бастадық. Оның ішінде көп олигарх бар. Қазір Алматыда және Алматыдағы тау бөктерінде орналасқан көптеген жерді тексеріп жатырмыз. Әрине, біреу мұның бәрін ұнатпайды. Шынымды айтайын, маған қызметімнің салдары болатынын ашық айтып, қоқан-лоққы жасалды, - деді депутат.

Оның айтуынша, өткен аптада Мәжіліс депутаттары «Орман шаруашылығы туралы заңға өзгеріс пен толықтыру туралы» заң жобасын қарауға алмаған.

Мәселе ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жерін ауылдық елді мекендегі жердің құрамына енгізуге байланысты. Біз мұның артында кім тұрғанын білеміз. Онда жерді сатып алған кейбір адамдар тұр. Кейбір адамдар өз үйлерін заңдастыруға ниетті. Алайда олар (жерлері – автор) қателесіп, ұлттық табиғи парктер мен қорықтардың құрамына кіріп кетіпті. Біз оларға сот органдарына жүгінуге кеңес бердік. Бірақ біз мұның артында осы учаскелерді сатып алған және депутаттар арқылы қоғам үшін өте қауіпті заң жобасын өткізгісі келетін кейбір күштер бар деп санаймыз. Біз комитет отырысында (заңға) оң қорытынды берген жоқпыз. Ертең комитет бұл заң жобасын қайта қарайды, - деді Бақытжан Базарбек.

Алайда депутат өзіне нақты кімнен қауіп төніп тұрғанын білмейді.

«Қазір AMANAT партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» республикалық комиссиясымен Forbes журналына енген бірнеше олигархтың жерлерін тексеріп жатырмыз. Одан кейін Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінде генерал Павел Новиковтің жері бар. Қазір оның жерін тексеруге алғалы отырмыз. Одан бөлек, BI Group компаниясының жерлерін тексеріп жатырмыз. Сондай-ақ жерге қатысты заң жобалары бар. Қауіптің қай жақтан төнгенін білмеймін, оны айта алмаймын», - деді ол.

Сондай-ақ Бақытжан Базарбек полициядан тиісті көмек ала алмағанын да жеткізді.

«Полицейлерден көмек сұрадым. Мен оларға «Қылмыстықтың кодекстің 376-бабы («Парламент депутатының қызметіне кедергі келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғау керек» деп айттым. Алайда полиция бұл баппен емес, бұзақылық (хулиганство) бойынша қылмыстық іс қозғады», - деп түйіндеді сөзін депутат.