Halyq Uni логотип
×

Денсаулық жағдайына байланысты президенттің баспасөз-хатшысы лауазымынан босатылды

Нұрмұхамед Байғараев бұл қызметке 6 қыркүйекте тағайындалған еді

 Халық үні 11.09.2023 | 16:45
Денсаулық жағдайына байланысты президенттің баспасөз-хатшысы лауазымынан босатылды
Фото: Ақорда

Президенттің баспасөз-хатшысы Нұрмұхамед Байғараев денсаулық жағдайына байланысты лауазымынан босатылды.

Байғараев әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, алдымен толық емделетінін айтты.

Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті.

Медициналық талап қазіргі қызметімді толыққанды атқаруға кедергісін келтіретіні белгілі. Себебі аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз, - деп жазды Байғараев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол өткен аптада кіріскен қызметіне білімі, біліктілігімен дайын болғанын айтты.

«Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді. Алайда «денсаулық – бірінші байлық» деп бекер айтпаған. Сондықтан қандай қызмет болса да, ең алдымен, уақыт өткізбей, толық емделіп алу қажет деп таптым. Осыған орай, Президент баспасөз хатшысы қызметін қазір тоқтата тұруыма тура келеді», - деді ол.

Айта кетейік, Нұрмұхамед Байғараев 2023 жылдың 6 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама