Видео әлеуметтік желіде тараған
Павлодар облысы полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желіден бақылау кезінде жол жүру ережелерін бұзған екі той кортежінің иелері анықталған.
Осы видео бойынша Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тексеру жүргізді. Құқық бұзушы жүргізушілердің жеке басы анықталды. Lexus маркалы автокөліктің 27 жастағы жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 1-бөлімі, 593 -бабы 2-бөлімі, 595-бабы 1-бөлімі, 606, 230-баптары 2-бөлімі бойынша бірнеше әкімшілік іс қозғалды. Жалпы сомасы 120 750 теңге (35 АЕК мөлшерінде) айыппұл салынды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Сондай-ақ полицейлер Toyota Camry маркалы автокөліктің 21 жастағы жүргізушісінің жеке басын анықтағанын, оның қолданыстағы заңнамаға қарай жауапқа тартылатынын айтты.