Мамыр айынан бастап қылмыстық қудалау органы оған елден кетпеу туралы бұйрық берген
Лауазымын теріс мақсатта пайдаланды деп айыпталған БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Мәди Отарбаев «Қордай» шекара бекеті арқылы Қырғызстан шекарасын кесіп өтпек болған.
Айта кетсек, оған қатысты іс сотқа биыл маусым айында түскен. Содан соң ол 3 тамызда түн ортасында шекарадан өтуге тырысқан.
Мәди Отарбаев ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы («Ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасады деп айыпталған. Бұл бапта 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Мамыр айынан бастап қылмыстық қудалау органы оған елден кетпеу туралы бұйрық берген.
Шетелге қашпақ болғаннан кейін 4 тамызда ШҚО Өскемен қаласының №2 соты оған бұлтартпау шарасын қамауда ұстауға өзгертті.
Мәди Отарбаевтың өзі және оның адвокаты бұлтартпау шарасын бұрынғы күйінде қалдыруды сұрады. Сотталушы арам ниеті жоқ екенін айтып, отбасылық және денсаулық жағдайы бойынша Бішкекте тексеруден өткісі келгенін түсіндірді.