Заңсыз шығарылған 2 млрд доллардың активі қайтарылды – Антикор
Жемқорлыққа қарсы күресте тәжірибе алмасу маңызды
Соңғы екі жылда Қазақстаннан заңсыз шығарылған шамамен 2 млрд доллар болатын актив пен қаражат қайтарылды, деп хабарлады Антикор.
Астанада құқық қорғаушылардың тәжірибе алмасу және жемқорлыққа қарсы халықаралық күресті күшейтуі бойынша, 25 елден келген қатысушыларды біріктірген экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) құқық қорғау органдарының жемқорлыққа қарсы желісінің 13-отырысы өтті. Тергеушілер, жедел қызметкерлер мен прокурорлар жоғары лауазымдылар тарапынан жасалатын жемқорлықты анықтау және тергеу, заңсыз шығарылған активтерді тәркілеу және қайтару тәжірибесін алмасты.
Қазақстан өкілдері Еуропалық одақ, Ұлыбритания, АҚШ және басқа да елдердегі әріптестерімен кездесулер өткізді. Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі қаржылық тергеу жүргізу тәжірибесі және азаматтық тәркілеу құралдарын қолдану (айыптау үкімін шығармай) болды. ЭЫДҰ-ның Парақорлық жөніндегі жұмыс тобы өз елдерінің тәжірибесінен нақты және нәтижесі бар мысалдарды қарастырды.
Қазақстан активтерді қайтару бойынша өз тәжірибесін ұсынды. Соңғы екі жылда мемлекетке шамамен 2 млрд доллар сомасына актив пен қаржы қайтарылды.
Семинарға қатысушыларға осы бағытта еліміз қабылдап жатқан шаралар: биыл қабылданған «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң және жалпыға бірдей декларациялау аясында шенеуніктердің шығыстары мен кірістерін бақылау тетігі таныстырылды.
ЭЫДҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісі әртүрлі елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибесін интеграциялау өте маңызды және құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіруге тиіс деген ұстанымды ұстанады.