×

Украинаның теңіз жаяу әскерінің командирі Илон Маскке жанайқайын жеткізді

Ол Илон Масктен көмек сұрап, хат жолдады

 Дастан Жұмабекұлы 12.05.2022 | 15:16
коллаж: Halyq Uni

Украинаның теңіз жаяу әскерінің командирі Сергей Волына өзінің Facebook-тегі парақшасында америкалық кәсіпкер, инженер және миллиардер Илон Масктен көмек сұрады.

Бұған дейін ол әлем жұртшылығынан, соның ішінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Рим Папасы мен шетел дипломаттарынан «Азовсталь» зауытының аумағында Ресей әскерінің қоршауында қалған украин сарбаздарына қолдау көрсетулерін сұраған болатын.

Осы жолы ол Илон Масктен көмек сұрап, Facebook желісінде мынадай хат жазды.

Мен бұған дейін Рим Папасына, әлем елдерінің лидерлеріне, дипломаттарға үндеу жолдаған едім. Бұл жолы Илон Маскке үндеу жолдағым келеді. Бұл менің жай үндеуім емес, жанайқайым!

Құрметті президенттер, қадірлі дипломаттар, барша адамзат! Егер бізді құтқаруға шамаларыңыз келсе, құтқарыңыздаршы!

Мен осы кезге дейін бәрін айтып келдім. Енді айтуға сөз қалмады. Бізге әр минутымыз қымбат, – деді ол.

Қазір Украина Әскери-теңіз күштері 36-шы теңіз жаяу әскері бригадасының командирі Сергей Волынаның бригадасы Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытының қорғаныс шебін ұстап тұр. Соған қарамастан украин сарбаздары екі айдан бері Ресей әскеріне беріспей келеді.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Қорғаныс министрі Сергей Шойгуға «Азовсталь» зауытын атқыламауды тапсырған болатын. Бірақ, оның сөзіне әскерилер құлақ аспай, қазір олар зауыттың аумағын күні-түні бомбалап жатыр.

Украинаның теңіз жаяу әскерінің командирінің айтуынша, «Азовсталь» зауытының жерастында 500-ден астам жаралы жауынгер мен Мариупольдің бейбіт тұрғындар жасырынып отыр. Бейбіт халықтың көбісі БҰҰ-ның дәнекер болуымен Украинаның қауіпсіз жерлеріне көшірілген.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама