Дәмхана маңында жанжал кезінде қару қолданған ер адам ұсталды
Есірткі сату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Астанада полицейлер есірткі сатып, қару қолданған қала тұрғындарын қамауға алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері елордадағы дәмхана маңында жанжал кезінде қару қолданған 31 жастағы ер адамды анықтаған.
Сараптамаға сәйкес, тапанша газ-травматикалық калибрлі 45 RUBBER, МП-80-13Т тапанша екені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ 38 жастағы елорда тұрғынына тиесілі ВАЗ-2115 автокөлігінің салонын тексеру барысында полиэтилен пакеттерге оралған 435 дана көлемінде мефедрон есірткісінің ірі партиясы тәркіленді. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Оның ішінде сот-химиялық сараптамалар да бар. Есірткі сату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Осы қылмыстарға қатысы бар екі адам да уақытша ұстау изоляторына қамалды.