Бұл сында 130 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Хайратхаан Шонку жеңіс тұғырынан көрінді
XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында грек-рим күресінен жарыстар аяқталды деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Айнагүл Тоқтахметова Бразилияның Кашиас-ду-сул қаласынан.
«Бұл сында 130 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Хайратхаан Шонку жеңіс тұғырынан көрінді. Ол финалда түрік спортшысы Мехмет Юсалды айқын басымдылықпен жеңіп, алтын медаль иегері атанды. 97 келіде Асылжан Тажиев Иран спортшысына есе жіберіп, жарысты күміс жүлдемен аяқтады. Ал, Нұржан Асан (77 кг) мен Алдияр Балташев (60 кг) үшінші орын үшін болған жекпе-жекте екі қола жүлдені иеленді», - деді ол.
Сурдо грек- рим күресінен ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Ерлан Мұқажан спортшылардың нәтижесіне көңілі толатынын айтты.
Жігіттер жарады. Қаншама оқу-жаттығу жиындары мен жаттығулардың арқасында осындай жетістікке жеттік. Бір алтын, бір күміс, екі қола медаль біз үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта дайындығымызды шыңдай түсіп, келесі Сурдлимпиада ойындарында бұдан да жақсы нәтиже көрсететінімізге сенімдімін, - деді ол.
Сурдлимпиада ойындары 16 мамырға дейін жалғасады. Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 4 күміс, 17 қола жүлде бар.