«Ұлы дала жорығы»: марафонның үш күннен кейінгі нәтижесі белгілі болды

Халық үні

БҚО командасы үшінші кезеңге қатысудан өз еркімен бас тартты

фото: Halyq Uni

Бүгін, 8 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің үшінші кезеңі аяқталды. Таңғы 7.00-де 18 команда Ақмола облысындағы Бытығай кесенесінен Қарағанды облысындағы Үшсартқа аттанды. Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің тағы 100 шақырымын бағындырып, үшінші кезеңнің мәресі Үшсартта аяқталды. Осылайша, шабандоздар үш күн ішінде жалпы 250 шақырым жолды жүріп өтті.

Ал енді үшінші кезең қорытындысы бойынша, Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы жеңімпаз атанды. Ал екінші кезеңнің жеңімпазы болған Маңғыстау облысының шабандоздары мәре сызығына екінші болып жетсе, Жетісу облысының командасы үштікке ілікті.

Өкінішке қарай, екінші кезеңде бір аты жарысқа жарамай қалған БҚО командасы үшінші кезеңге қатысудан өз еркімен бас тартты. Аттардың шама-шарқын бағамдаған шабандоздар сәйгүліктерін қинамай, дер кезінде жарысты тоқтата білді дейді бас төреші Надежда Купцова.

БҚО командасының жетекшісі кеше жарысты тоқтататынын айтқан болатын. Себебі аттары тым жас болды. Жорыққа дайын болмады. Сондықтан олар марафон-бәйгені жалғастырмауды жөн көрді. Жылқыларын аман сақтап қалғандары үшін команда өкілдеріне алғысымды айтамын. Келесі жылғы жорыққа бұдан да жақсы дайындықпен келеді деп сенемін, - дейді бас төреші Н.Купцова.

Айта кетейік, біз бұған дейін екінші кезеңде СҚО командасының жарыс жолынан шығып қалғанын хабарлаған едік.

Үшінші кезеңде ШҚО, Шымкент, Павлодар командаларында бір-бір ат жарысқа жарамсыз деп танылып, командалар құрамы бір қатысушыға кеміді. Сондықтан төртінші кезеңді ШҚО командасы - 4, Шымкент, Павлодар командалары 3 қатысушымен жалғастырады. Өзге командалардың құрамы толық, яғни 5 шабандоз, 5 аттан тұрады.

Сонымен қатар бұл кезең бойынша, мәре сызығына кешігіп келген Ұлытау командасына айыппұл салынып, команда есебіне 15 минут қосылды. Жалпы 9 қыркүйекте 4-кезеңді 17 команда жалғастырады.   

Былтырғы жорыққа елімізге есімі танымал әуесқой велошабандоз Раббим Борашов аттылы шабандоздармен бірге Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды бағындырған еді. Раббим Борашов – Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы. Спортшы бұл жолы да 14 күндік аламанға қатысып,  енді 1 300 шақырымды бағындыруды жөн көріпті. Раббим Борашов сияқты азаматтар төзімділіктің, тәртіптің және спортты құрметтеудің үлгісі болып табылады. 

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы, Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр.

Жобаның басты серіктестері: «Аманат» партиясы, Ұлттық спорт қауымдастығы. Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына 9 (Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ) спорт федерациялары кіреді.