Оның үкімге шағымдануға 2 айы бар
Батыс Қазақстан облысында мобилизациядан қашқан Ресей азаматы Игорь Санжиевке босқын мәртебесін бермеу туралы сот үкімі шықты, деп хабарлады «Мой город» порталы.
Биыл 8 қыркүйекте БҚО Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында судья ресейлік Игорь Санжиевке қатысты шешім шығарды.
Игорь Санжиевтің БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының шешімін даулау туралы талабын сот қанағаттандырмайды. Бұл шешімге 2 ай ішінде БҚО Мамандандырылған ауданаралық соты арқылы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсіруге болады. Санжиевтің БҚО әкімдігіне шағым арызы қайтарылсын. Сотқа 10 жұмыс күні ішінде шағым беруге болады, - деді судья Альбина Әбілкаримова.
Содан кейін ол Ресей азаматына неге босқын мәртебесі берілмегенін түсіндірді.
«БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шешімінің күшін жою және Қазақстанда босқын мәртебесін беру талабы қанағаттандырусыз қалды. Сот нәсіліне, ұлтына, дініне, азаматтығына, белгілі бір топқа жататынына немесе саяси сеніміне байланысты қудалау қаупі болмағанын анықтады. Сіз ешқандай партия мен діни ұйым қатарында болмағансыз. Сондай-ақ Ресей Федерациясының билігі тарапынан қудалауға ұшырамағаныңыз да анықталды», - деді судья.
Игорь Санжиев соттың шешімімен келіспейді әрі оны негізсіз деп санайды. Осыған дейін ол әділеттік орнайды деп үміттенген.
Бұл Ресей азаматтарына үлгі болмау үшін жасалып отыр. Қазақстан босқындардың құқығы туралы халықаралық конвенцияға (Азаматтардың бостандық пактісі) қол қойғанмен босқын мәртебесін бермейді. Қазір менің сот шешіміне ресми түрде шағымдануға құқығым бар. Бірақ сот шешімі де ресми болып саналады, - деді мобилизациядан қашқан ресейлік.
Ол Ресей Федерациясына оралғысы келмейтінін ашық айтты.
«Украинада соғысудан бас тартқаным үшін менің үстімнен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бүгін-ертең депортациялануым ықтимал», - деді Санжиев қорқынышын жасыра алмай.
Айта кетейік, Игорь Санжиев былтыр әскерге шақырылған. Алайда биыл наурызда ол әскери бөлімнен қашып кеткен.
Ресей шекарасынан өтіп, Сайхин ауылы арқылы Орал қаласына жеткен. Мұнда ер адам өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған. Себебі ол Украинадағы соғысқа барудан, бейбіт тұрғындарды өлтіруден бас тартқан. Алайда БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Ресей азаматына босқын мәртебесін бермеген.