Министр Алматы облысынан Өскеменге дейінгі жолды көлікпен жүріп тексермек
Ол демалыс күндерінде жұмыс істегелі отыр
Көлік министрі Марат Қарабаев 4 облыстың жолын көлікпен жүріп тексереді. Бұл туралы министрдің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін ведомство басшысы Алматы облысына келген.
Ең алдымен Шамалған станциясы айналма жолының құрылысын және «Сарыөзек – Көктал» (45-68 шақырым) автожолында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын тексереді. Сондай-ақ министр «Қорғас» құрғақ портының жұмысымен танысып, «Алматы – Қорғас» автожолының сапасын бағамдап қайтуды жоспарлап отыр, - деді Жанжігіт Омархан.
Оның айутынша, Марат Қарабаев осы аптадағы демалыс күндерін пайдаланып, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына да барады.
Алматы облысынан Өскеменге дейін көлікпен жүріп өтіп, министр аталған өңірлердегі жол құрылысын, көлік объектілерін қайта жаңарту жұмыстарын, көлік қозғалысына арналған көпірлердің жай-күйін тексереді, - деді баспасөз хатшысы.