Теннисші Жібек Құламбаева Бари турнирінің жартылай финалына шықты

Дастан Жұмабекұлы

Ол жұптық сында франциялық Кароль Моннемен бірге ойнап жатыр

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Италияда өтіп жатқан Бари челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.

Қазақстан спортшысы франциялық Кароль Моннемен бірге ширек финалда испаниялық Марина Бассольс пен бразилиялық Лаура Пигоссимен сынға түсті.

Қазақстандық-франциялық жұп 7:6 (7:2), 6:0 есебімен басым түсті. 

Құламбаева мен Монне финалға шығу үшін ½ финалда грекиялық Валентини Грамматикопулу мен франциялық Эликсан Лечемиямен кездеседі. Бұл жұп жарыстың 2-ракеткалары, словениялық Далила Якупович пен ресейлік Ирина Хромачёваны 6:1, 6:4 есебімен ұтты.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 129-ракеткасы Тимофей Скатов жекелей сында Севилья (Испания) челленджер додасында рейтингте 335-орында тұрған франциялық Валентин Ройеден 3:6, 2:6 есебімен жеңіліп қалды.