Головкин Қазақстан құрамасын қолдау үшін елге келе жатыр
Жақын арада үйге барып, жанкүйерлердің жанынан табыламыз, – деді ол
Боксшы Геннадий Головкин футболдан Еуро-2024 іріктеу турниріне қатысып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасын Солтүстік Ирландия командасымен матчта қолдау үшін елге келеді. Ол әлеуметтік желіде Қазақстан құрамасының ойынын тамашалайтынын жазды.
Жақын арада үйге барамыз. Ең алдымен футболдан ұлттық құрамамызды қолдап, жанкүйерлердің жанынан табыламыз, – деді ол Instagram-дағы парақшасында.
Еске сала кетсек, Қазақстан мен Солтүстік Ирландия құрамаларының матчы 10 қыркүйекте Астанада болады.
Кеше ұлттық құрама Финляндия жасағымен кездесіп, 0:1 есебімен жеңілген еді. Еліміздің бас командасы қарсыласынан ұтылса да ол ойынға ұлттық құраманы қолдауға өте көп адам жиналды. Жанкүйерлер саны бойынша рекорд жасалды.
Нақты айтқанда, Астанадағы кешегі ойынға 30 019 көрермен келді. Бұл – Қазақстан құрамасының тарихында өз алаңындағы матчқа жиналған жанкүйерлер саны бойынша жаңа рекорд.
Бұған дейін рекорд 2010 жылы «Астана Арена» стадионында өткен Қазақстан мен Германия (0:3) құрамаларының матчында тіркелген еді. Сол кезде ойынды тамашалауға 30 000 жанкүйер келген. Ал былтыр Ұлттар лигасында Қазақстан мен Беларусь (2:1) командаларының ойынына стадионға 29 637 адам жиналған болатын.