Ақмола облысында із-түссіз жоғалған ер адам орман алқабынан табылды (ВИДЕО)
Бастапқыда туыстары оны күнделікті жұмысына барып, келесі ауысымнан кейін үйге келмеген соң өздері іздеген
Ақмола облысының полицейлері 29 сәуірде Көкшетау қаласында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен ер адамды тапты.
Бастапқыда туыстары оны күнделікті жұмысына барып, келесі ауысымнан кейін үйге келмеген соң өздері іздеген еді. Алайда, оны бір жеті бойы таппаған соң 6 мамырда полицияға хабарласып, жоғалып кеткені туралы өтініш жазған. Осыдан кейін полиция жедел-іздестіруді бастаған.
Көкшетау қаласы Полиция басқармасы іздестіру бөлімінің қызметкерлері жақын маңдағы аумақтарды аралап, ер адамды таныстарынан сұрастырып, жоғалған адамның баруы мүмкін орындарды тексерді.
7 мамырда полицейлер жаяу іздеп, Көкшетау қаласының Бірлік шағын ауданына жақын орман алқабынан жоғалып кеткен адамның орналасқан жерін анықтады. Ер адам бұл әрекетінің себебін түсіндіре алмады. Қазір полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.