Halyq Uni логотип
×

Қазақстандық мамандар Қытайда тағылымдамадан өтуі мүмкін

Бұл олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 08.09.2023 | 09:05
Қазақстандық мамандар Қытайда тағылымдамадан өтуі мүмкін
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Sinopec компаниясының президенті Юй Баоцай мұнай-газ саласында жаңа жобаларды іске асыру мәселесін талқылады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысы Sinopec компаниясының тікелей қатысуымен елімізде бірқатар маңызды жобаның іске асқанын, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытын модернизациялауды атап өтті. 

Сондай-ақ ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру қажеттігін атап өткенін еске салды. Атап айтқанда, мұнай-газ химия өндірісін жедел дамыту міндеті қойылды.

Сондықтан негізгі «Полиэтилен» жобасы – мұнай-газ химия өнеркәсібін дамытудағы маңызды кезең. Оны іске асыру ел экономикасына мультипликативті әсерін тигізбек. Sinopec компаниясы мұнай-газ химия саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі екенін ескерсек, компанияның жобаға тең құқылы серіктес ретінде келуі – стратегиялық маңызды мәселе, - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Sinopec компаниясының еліміздегі басқа да перспективалық жобаларға қатысу мүмкіндігін қарастырып жатқаны аталды. 

Қытайлық компанияның басшысы Қазақстан мен ҚХР арасындағы энергетика саласы бойынша ынтымақтастық жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл қос мемлекеттегі халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып жатыр.

Бұдан бөлек, Sinopec президенті мұнай-газ саласындағы қазақстандық мамандардың кәсіби тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жөнінде бастама көтерді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама