Олар тез байығысы келген
Атырауда синтетикалық есірткі сатқан 4 жігіт пен жасөспірімге сот үкімі шықты, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі
Биыл қаңтарда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері Атырауда интернет арқылы жасырын есірткі сатумен айналысқан Тараз қаласының 4 тұрғынын ұстаған.
29, 22 және 19 жастағы күдіктілерден бір келіден аса синтетикалық есірткі тәркіленді. Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес синтетикалық есірткінің 655,0623 грамы Альфа-PVP, ал 482,6133 грамы мефедрон екені анықталды, - деп жазылған хабарламада.
Күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен 4 жігіт 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ наурызда есірткіні жасырын орынға тығып жүрген жасөспірім анықталды.
Атырауда синтетикалық есірткіні тығумен айналысқан 17 жастағы жасөспірімнен 26,7022 грамм Альфа-PVP синтетикалық есірткісі, изолентпен буылып-түйілген 16 орама тәркеленді. Жасөспірім әлеуметтік желідегі OLX парақшасы арқылы «Мефедрон» синтетикалық есірткісін жасырын орынға тығып, пайда табуды көздегенін мойындады, - деп жазылған хабарламада,
Жасөспірім Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.