Әуе кемелері аптасына 3 рет жиілікпен ұшады
Қытайлық әуе компания Қазақстанға әуе рейстерін ашты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы авиациялық биліктерінің бірлескен жұмысының арқасында 2023 жылғы 7 қыркүйекте Қытайдың «Loong Airlines» әуекомпаниясы Ханчжоу – Алматы бағыты бойынша алғашқы жолаушылар рейсін орындады. Рейстер «А321» үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына 3 рет (сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері) жиілікпен орындалатын болады. Жаңа әуе тасымалдаушының Қазақстан Республикасының әуе тасымалы нарығына кіруі, сондай-ақ жаңа әуе бағыттың ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
Анықтама үшін Ханчжоу қаласы – Чжэцзян провинциясының астанасы. Қала халқы – 10 млн адам. 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында қалада 19-шы Азия ойындарын өткізу жоспарланып отыр. Ханчжоу қаласының әуежайы – Қытайдағы ең көп жұмыс істейтін 10 әуежайдың бірі. «Loong Airlines» – 2011 жылдан бастап жолаушылар мен жүк тасымалдайтын қытайлық авиакомпания. Авиакомпанияның флоты «А321» (жолаушылар) және «Б737» (жүк) типті 70 ұшақтан тұрады.
Бүгінде «Loong Airlines» 170-тен аса қаладан 600 ішкі және халықаралық жолаушылар және жүк бағыттары бойынша тасымалдауды орындайды.