Алматыда 8 мыңнан аса оқушы мектепке автобуспен қатынайды
Бұл – Қазақстандағы ауқымды жобаның алғашқысы
Алматыда 8 мыңнан аса оқушы мектепке автобуспен қатынайды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, үш күннен бері Алматыда 100 жаңа мектеп автобусы жүріп жатыр. Автобустар қаладағы 30 мектепке күніне 8 мың 258 оқушыны тасымалдайды. «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен іске асып отыр. Бұл – Қазақстандағы мұндай ауқымды жобаның алғашқысы. Жобаны іске асыру аясында «АлматыЭлектротранс» ЖШС Алматы қаласы білім басқармасының көмегімен 100 мектеп автобусы (оның 50-і – 21 орындық және 40 орындық 50 автобус) сатып алды. Автобустар кішкентай және мектептен шалғай тұратын оқушыларды тасымалдайды.
Мысалы, №210 мектеп-лицейіне шағын ауданнан 222 бала тасымалданады. «Байбесік» және «Ұлжан-2» шағын аудандарынан 148 бала, №200 мектеп-гимназиясына Абай саяжайынан 241 оқушы тасымалданады. №162 мектеп-гимназиясына 175 баланы «Жас Қанат» шағын ауданынан, ал №183 жалпы білім беретін мектепке мектеп автобусы саяжай алабынан және «Асқартау» шағын ауданынан 76 оқушыны алып барады.
Мектеп автобустары барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен техникалық талаптарға (апаттық шығу, қауіпсіздік белдіктері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус, өрт қауіпсіздігі жүйесі) сәйкес келеді.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова әр мектеп бойынша маршруттық парақтар әзірленгенін атап өтті. Бұл мектепке дейін жеткізуді қажет ететін барлық баланы қамту үшін жасалады. «Мектеп автобусы» жобасының екінші кезеңін іске асыру үшін мобильділік басқармасы 2024 жылы қала мектептері үшін қосымша 50 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
Бүгінде балаларды отырғызу және түсіру үшін арнайы аялдамалар бар. Сол бағыт бойынша оқушылармен бірге арнайы мұғалімдер де еріп жүреді. Жобаны одан әрі кеңейтудің арқасында 12 мың 500 бала қамтылады. Біздің бағалауымызша, дәл осы 1-11 сыныпқа дейінгі балаларға мектеп автобустары қажет, – деді ол.
Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қазір 30 мектептің барлығында оқушыларды тасымалдауға келісімшарт жасалған. Бұл үшін бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылған.
1 қыркүйектен бастап барлық автобус тиісті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, бекітілген маршруттар бойынша балаларды тасымалдайды. «Мектеп автобусы» жобасын іске асыру оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді Ләззат Әуесханқызы.