Республикада 30 хоккей мектебі бар, оларда 269 жаттықтырушы жұмыс істейді
Қазақстан хоккей федерациясының (ҚХФ) XIV республикалық конференциясы өтті, оған атқару комитетінің мүшелері, өңірлік филиалдардың, хоккей клубтарының және БЖСМ басшылары қатысты.
ҚХФ президентінің 2016-2021 жылдар аралығындағы жұмыс туралы есебі, федерацияның жарғысы мен ережесі, штаттық құрылымы қаралды, басқару және бақылау органдарының сайлауы өткізілді. Конференция қатысушыларының бірауыздан шешімімен Асқар Мамин Қазақстан хоккей федерациясының президенті лауазымына қайта сайланды.
Асқар Мамин ерлер арасындағы әлемдік рейтингте Қазақстан командасы 19-дан 13-орынға көтерілгенін атап өтті. Осы уақыт ішінде қазақстандық құрама командалар 19 әлем чемпионатына, Қысқы Азия ойындарына, екі қысқы Дүниежүзілік универсиадаға, олимпиада іріктеу турнирлеріне қатысып, жиынтығы 14 медаль жеңіп алды.
ҚХФ президенті хоккей лигаларының, оның ішінде жастар, әйелдер және әуесқой лигалардың жоғары даму қарқынын, чемпиондық титул мен ҚР Кубогы үшін бәсекелестіктің артқанын атап өтті.
Республикада 30 хоккей мектебі бар, оларда 269 жаттықтырушы жұмыс істейді. Командалар мен ойындардың саны артып келеді. Өткен кезеңмен салыстырғанда хоккеймен айналысатын балалар саны 32%-ға – 7,3 мыңнан астамға өсті. Хоккейге деген қызығушылықтың айтарлықтай өсуі аясында спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі мен сапасын одан әрі арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Елімізде әлемдік деңгейдегі жаңа заманауи мұз сарайлары ашылды. Бүгінде ҚР-да 34 жабық мұз аренасы мен модульдері бар. Жақын арада Павлодар қаласында мұз модулін және Қостанай қаласында мұз аренасын ашу жоспарда бар.