Енді Данилина мен Хелиоваара аралас жұпта финалда АҚШ өкілдерімен кездеседі
Теннисші Анна Данилина аралас жұпта АҚШ ашық чемпионатының финалына шықты.
Ол финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге жартылай финалда жапон теннисшісі Ена Шибахара мен хорват спортшысы Мате Павич жұбымен кездесіп, қарсыластарын 7:6 (7:2), 6:4 есебімен ұтты.
Бұл матч бір жарым сағатқа созылды. Кездесуде қазақстандық жұп 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсылас дуэт 3 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Енді Данилина мен Хелиоваара финалда америкалық Джессика Пегула – Остин Крайчек жұбымен бас жүлдені сарапқа салады. Соңғы ойын 9 қыркүйекке белгіленген.
Сондай-ақ теннисші Денис Евсеев Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан жарыстың ширек финалына шықса, Тимофей Скатов Испанияның Севилья қаласында челленджер турнирінде Михаил Кукушкинді ұтып, ¼ финалға жолдама алды.
Жібек Құламбаева Италиядағы турнирдің ширек финалына шықты.